ВАИТ ТАЛГАЕВ СОҢҒЫ ТУР ЖӨНІНДЕ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

Сол алты ұпайды алып тастағаннан кейінгі психологиялық қыcымға көп ойыншымыз шыдай алмады. Тіпті, олардың бір тобы біз осы ойынға шыққымыз да келмейді дегенді айтты. Өздеріңіз көрдіңіздер, жағдай осылай болды. Кезекші сөз тіркесін қайта- қайта айтқанда не пайда? Ендігі мәселе келесі маусымға дайындалып, «Тараз» футбол командасы жоғарғы лигаға қайта оралуы керек. Негізі, осы жылы да қалуымызға болатын еді. Жағдай өзгеріп кетті. Менің Таразға кіндік қаным тамған азамат болғандықтан командаға жаным ашып бір кісідей жұмыс істедім. Егер, өзге біреу болса жүрегін де ауыртпайтын еді. Келесі кезеңге қаласыз ба, қалмайсыз ба деп сұрап жатырсыздар. Оны уақыт көрсетеді. Қазір аздап демалуым керек деп есептеймін.

«ТАРАЗ» КОМАНДАСЫ ҚАЗАҚСТАН ПРЕМЬЕР –ЛИГАСЫНАН ШЫҒЫП ҚАЛДЫ

Футболдан 2017 жылғы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. «Астана» командасы биыл қатарынан төртінші жыл Қазақстан чемпионы атанса, екінші орынды Алматылық Қайрат, үшінші орынға Шымкенттік «Ордабасы» командасы жайғасты. Ал, Жамбылдық «Тараз» командасы келесі жылды бірінші лигада ойнайтын болады. Күні кеше Тараздықтар өз алаңында Қызылордалық «Қайсар» командасын қабылдап, 0:1 есебімен қонақтарға жол берді. Алайда, биылғы Қазақстан чемпионаты Жамбылдық командаға оңай болған жоқ. Өйткен олар о бастан бірінші лига ойындарына дайындалған болатын. Алайда, Шығыс Қазақстандық «Алтай» командасының премьер- лигадан шеттетілгендігіне байланысты «Тараз» командасы қайта оралды. Маусым ортасында білікті бапкер Ваит Талгаевтың бастамасымен Тараздықтар жетінші орынға дайын көтеріліп, 32 ұпай еншіледі. Сонымен қатар, команда сапында Еркебұлан Сейдахмет, Бақтияр Зайнутдинов сынды жас футболшылар елімізге танылды. Бірақ, ойын аяқталуға 3 тур қалған кезде Тараз командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпайды шегеріп тастауы командаға психологиялық тұрғыда әсер етті. Ал, күні кеше «Қайсар» командасына қарсы өткен ойында Тараздықтар өз алаңында жеңіліс тапты. Матчтың бірінші таймында қос командада да мүмкіндіктер болды. Әсіресе, Максим Фещуктің тура соққыларын Қайсар қақпашысы қайтарып үлгерді. Бірінші тайм тең нәтижемен аяқталғанымен, екінші таймда қонақтар белсенді көрінді. Нәтижесінде, 57 минутта былтыр «Тараз» намысын қорғаған Дмитрий Есвтигнеев гол соғып есеп ашты. Алайда, біздің команданың одан ары есепті теңестіруге мүмкіндігі болмады. Сонымен «Тараз» командасы биылғы Қазақстан чемпионатының 33 турын айқтады. Нәтижесінде 33 ойынның 17 сінде «Тараз» командасы жеңіліс тапса, 8 ойында тең түсті, 8 ойында жеңіс тойын тойлады. Тараздықтар биылғы маусымда өзге қақпаға 29 гол соқса, өз қақпаларына 50 гол жіберіп алды.

«ТАРАЗ» ФУТБОЛ КЛУБЫ ХАБАРЛАЙДЫ

«Тараз» футбол клубының басшылығы команданың Қазақстан премьер –лигасынан шығып қалуына байланысты төмендегідей жағдайларды мәлімдейді.

Соңғы уақытта «Тараз» футбол клубының басшылығына қатысты интернет сайттарында түрлі жағымсыз пікірлердің жазылып жатқандығын көріп отырмыз. Ия, жанкүйерлер болсын, футбол саласында қалам тербеп жүрген әріптестеріміз болсын мұны құптаймыз. Өйткені, команда қатарынан екінші жыл осындай жағдайға түсіп отыр. Бірақ, бұл спорт екенін ұмытпаған жөн. Спорт сәттілікке де, сәтсіздікке де толы болатындығын өздеріңіз білесіздер. Естеріңізде болса, «Тараз» командасы өткен жылы да сәтсіздікке ұшырап, премьер –лигадан шығып қалды. Бірақ, артынан қуанышты хабар болып біз қайта оралдық. Алайда, сіздермен бірге жасыл алаңда талай- талай қуаныштардың, сан соққан әрекеттердің де куәсі болдық. Құрметті жанкүйерлер біз де дәл сіздер секілді команда ұтылған кезде қайғырып, ұтқан кезде балаша қуанамыз. Барлық ойынды өз ішімізбен өткіземіз. Өйткені, бәріміз де спортта жүрген адамдармыз. Ал, биылғы бірінші лигаға алыстан атақты бапкер Талгаевты алдырып, бірінші лига ойындарына дайындалдық. Егер, бізде алға қойған мақсат болмаса, клубты көтеру жөнінде тапсырма болмаса біз бірінші лигаға Талгаевтың деңгейіндегідей бапкерді алдырмаған болар едік. Оның үстіне командаға барлық материалдық- техникалық, медициналық жағдай жасалып отырғандығын кез келген ойыншы қазір айта алады. Тіпті, биылғы жылы Талгаевтың басшылығымен 7 орынға дейін көтеріліп, біраз ұпай жинадық. Алайда, маусым аяқталуға 3 тур қалған кезде ФИФА тарапынан 6 ұпайды шегеріп тастауы біздің футболшыларға психологиялық тұрғыда қатті әсер етті. Себебі, өздеріңіз білетіндей қарыз мәселесі біраз клубтарда бар. Ол туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Оның үстіне клубтардан ұпай шегеру мәселесі жыл басында жүргізілуі керек деп есептейміз. Мәселен: Атырау командасы секілді. Міне, осындай түсініксіз себеп - салдардан соңғы ойындарда жеңіліс таптық. Алайда, өмір осымен тоқтап қалмайды. Оның үстіне қазір бірінші лигадан премьер –лигаға екі команда бірден өтеді. Бұл да біздің көп ұзамай қайта оралуымызға көмегін тигізеді деп ойлаймын. Алайда, бір айта кететін жайт. «Тараз» футбол клубының басшылығы кез келген жанкүйермен тікелей сөйлесуге, олардың талап – тілектері мен мақсат міндеттерін тыңдауға әруақытта дайын. Келісіп пішкен тон келте болмас. Бір нәрсені айтпас немесе жазбас бұрын клуб басшылығына келіп, өз ұсыныстарыңызды, ойларыңызды білдіріп жатсаңыздар, олар қабылдамай жатса ол өз алдына бөлек мәселе. Өйткені, клуб тарапынан жанкүйерлерді автобуспен қамту, өзге де жағынан көмек беру мәселесі қаралып келеді. Және алдағы уақытта біз жанкүйерлермен жұмысты бұдан да жақсартатын боламыз. Себебі, команданың тірегі, негізгі қолдаушысы жанкүйерлер екенін білеміз. Биылғы қуанышты жаңалықтар ішінде Жамбыл футбол мектебі бірқатар жаңа футболшыларды шығарды. Олардың ішінде Сейдахмет, Зайнутдинов және Шадманов сынды жастар бар. Сонымен қатар, тұрақты түрде футбол орталықтарына форма алу, өзге де спорттық киімдер мен жабдықтар алуға көмек көрсетіліп отыр. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін айтқанымыздай клуб басшысының қолдауымен «Жастар» стадионы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді. Ол жұмыстар 2018 жылдың басында басталады. Осының барлығы да қазіргі ұжым басшылығы атқарып отырған үлкен шаруа деп білеміз. Алайда, спортта жеңіс те жеңіліс те қатар жүреді. Қандай жағдай болмасын біз бірге болайық ағайын. Сонда ғана осындай қиындықтарды бірге еңсереміз!

 

Б. ЗАЙНУТДИНОВТЫҢ ЕКІ ГОЛЫ ТАРАЗДЫ ЖЕҢІЛІСТЕН ҚҰТҚАРА АЛМАДЫ

Биылғы маусымда "Тараз" командасы сапында сегіз гол ұрған Тараздық жас талант Бактиер Зайнутдинов "Атырау" қақпасына екі гол соқса да жеңілістің ащы дəмін татудан басқа амалы болмады. Өз алаңында еркін қимылдаған Атыраулықтар екінші таймда белсенділік танытты. 45 минутта 3 гол соқты. Тараздықтар да намысқа тырысты. Зайнутдинов пен Горбанецтің нағыз намысқа тырысып ойнағанын көз көрді. Бірақ, футбол ұжымдық ойын. Біздің футболшылар тек екі голмен ғана жауап қайтара алды. Сөйтіп, кезекті рет жеңіліс тапты. Бұл біздің команданың ел біріншілігін биыл да бірінші лигасына түсуге жақын қалғандығын көрсетеді. Дегенмен, жыл басында емес, жыл соңында алынған алты ұпайдың салдары да Таразды тұқыртып отырғандығын айта кетуіміз керек. Алда, қандай жаңалықтар, қандай өзгерістер болады. Қосымша хабарланады.

ВАИТ ТАЛГАЕВ "АТЫРАУ" - "ТАРАЗ" ОЙЫНЫ ЖӨНІНДЕ

Не айтуға болады. Чемпионат аяқталды. "Тараз" премьер - лигадан ұшты. Барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын. Командадан алты ұпайды алып тастады. Мен бас бапкер ретінде өз командамды психологиялық шұңқырдан алып шыға алмадым. Команда психологиялық тұрғыда зардап шекті. Өйткені, кезең бітуге үш тур қалған кезде бізден алты ұпайды алып тастады. Енді бұл біздің тағдырымыз шығар. Жыл бойы бізді қолдаған жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Бір айта кетерлігі біз жаңа маусымда бірқатар жаңа ойыншылардың бағын аштық. Олар Шадманов, Зайнутдинов жəне Сейдахмет.

"ТАРАЗ" СЫРТ АЛАҢДА "АТЫРАУ" КОМАНДАСЫМЕН КЕЗДЕСЕДІ

 

Осы аптада футболдан Қазақстан премьер -лигасының 32 тур ойындары өтеді. Бұл сында Тараздықтар сырт алаңда "Атырау" командасымен кездеседі деп күтілуде. Турнир кестесіндегі жағдайы онсыз да мәз емес жерлестерімізге бұл матчта міндетті түрде жеңіс керек. Ал, "Атырау" командасы 32 ұпаймен 8 орында келеді. Биылғы Қазақстан чемпионатында бұл екі команда осы уақытқа дейін 2 рет кездесті. Бірінші 29 сәуірді Таразда болған ойында 1:2 есебімен Атыраулықтар жеңіп кеткен. Ал, екінші кездесу 8 шілдеде Атырау қаласындағы Мұнайшы стадионында өтіп, онда Тараздықтар 1:3 есебімен алаң қожайындарын жеңген болатын. Ал, осы сенбі күні өтетін ойын екі ұжым арасындағы үшінші матч. Ендеше, осы жауапты кездесуде жерлестерімізге жеңіс тілейміз!!!

"ТАРАЗ" ӨЗ АЛАҢЫНДА ӨКІНІШТІ ЖАҒДАЙДА ЖЕҢІЛІС ТАПТЫ

Футболдан Қазақстан премьер - лигасының кезекті ойындары мəресіне жетті. Бұл сында Қарағанды қаласынан келген "Шахтер" командасын қабылдаған Тараздықтар 2:3 есебімен жол берді. Алайда, бұл кездейсоқтықтарға толы матч болғандығын мойындауымыз керек. Өйткені, онсыз да алты ұпайдан айрылған Жамбылдықтарға бүгінгі ойында жеңіс ауадай қажет еді. Матч басталар алдында да клуб басшылығы тарапынан жеңіске жету жөнінде мақсат қойылған болатын. Дегенмен, футболда ойлағанның бəрі бірдей болып шыға бермейді. Оған осы ойын дəлел. Бірінші таймда матч Тараздықтардың бақылауында болды. Тіпті, Бактиер Зайнутдинов дубль жасап, екі голды бірден салғанда Тараз сөзсіз жеңіске жетті дегендер де болды. Алайда, қызықтың көкесі екінші таймда басталды. Бірінші таймды 2:0 есебімен жеңіп тұрған Тараздықтар ойынды уысынан шығарып алды. Осыны мықты пайдаланған қонақтар бірден үш гол салып алдыға шықты. Бұл ойламаған жағдай еді. Осылай Шахтер ойыншысы Стояновичтің хэттригі Таразды қапы қалдырды. Онсыз да премьер лигадағы жағдайы нашар Тараз командасы үшін бұл үлкен қателік еді. Енді тек екі ойын ғана қалғандығын ескерсек Тараздықтарға тек жеңіс, ал қарсылас немесе деңгейлес командаларға жеңіліс керек.

Ваит Талгаевтың Көкшетаудағы сұхбаты

"Тараздың" сырт алаңдағы жеңілісінен кейін бас бапкер Ваит Талгаев арнайы ұйымдастырылған пресс- конференцияға қатысты. Онда ол керек емес екі голды жіберу арқылы жеңіліп қалғандығын айтады. Сонымен қатар, команданың бас бапкері футбол алаңы жөнінде де өзінің пікірін білдіреді. Ол жасыл алаңды біз өте ауыр сезіндік жəне ауыр ойын болды дей келе Көкшетаулықтарға сіздер ол поляға үйреніп қалған шығарсыздар деп сөзін аяқтады.

"ОҚЖЕТПЕС" - "ТАРАЗ" 2:1

Футболдан Қазақстан премьер - лигасының 30 тур ойындары өтті. Бұл сында Көкшетау қаласына барған Жамбылдықтар жергілікті "Оқжетпеске" 2:1 есебімен жол берді. Кездесу алаң қожайындарының басымдығымен басталды. Өйткені, Оқжетпес ойыншысы Максим Федин алғашқы минутта ақ есеп ашты. Бірақ, Тараздықтар тез арада есепті теңестіріп кетті. 11 метрлік айып добын қақпаға дəл енгізген Малик Мане болатын. Дегенмен, осы бірінші таймда Ренат Абдуллин тағы бір гол соғып Көкшетаулықтарды алдыға шығарды. Сонымен "Оқжетпес" командасында 24 ұпай болса, "Таразда" шегерілген 6 ұпайдың салдарынан 26 ұпай ғана қалды.

Əділ ойын өтетініне күмəнмен қараймыз

Бүгін өтетін "Оқжетпес" - "Тараз" командалары арасындағы Қазақстан премьер - лигасының 30 тур ойындарына Оралдық Денис Тевяшов бастаған төрешілер құрамы қазылық жасайтындығы түсініксіз жайт. Өйткені, "Ақжайық" командасы мен "Тараздың" турнир кестесіндегі жағдайлары шамалас емес пе? Ендеше, бұрмалаушылық болмауына кепілдік жоқ. Осы тұста Судьяларды тағайындайтын тиісті орган ойлануы керек...

"ТАРАЗ" ФУТБОЛ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАЛАЛАРЫНА ЖАҢА СПОРТТЫҚ ЖАБДЫҚТАР ТАПСЫРЫЛДЫ

2015- 2016 жылдардағы футболдан чемпиондар лигасынының топтық кезеңінде Қазақстандық «Астана» командасы сәтті өнер көрсеткенін жақсы білесіздер. Еліміздің бас командасының осындай байрақты бәсекеге шыққандығы үшін Еуропалық футбол ассоцияциясы, яғни, УЕФА Қазақстанға 5 млн. еуро көлеміндегі қомақты қаражат бөлді. Бұл мақсатты транш болатын. Өйткені, осы қаражатты елімізде балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту үшін берген еді. 

Осыны ескерген Қазақстан футбол федерациясы бұл ақшаны әр өңірге бөлді. Бірақ, олар бөлген кезде футболдан қай облыс қандай нақты нәтиже көрсетті. Қай облыстың футбол мектептері жақсы қалыптасқан. Қай өңірден шыққан футболшылар ұлттық құрамада, премьер –лига ойындарында сәтті өнер көрсеткендігін ескерді.
Өйткені, мақсат біреу ғана. Елімізде балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту. Оларға жағдай жасап, футбол орталықтарының материалдық – техникалық жағдайын нығайту болатын.
Әрине, бұл тұрғыда өзіндік үлкен футбол мектебі қалыптасқан, Қазақстанға көптеген үздік футболшылар силаған Жамбыл футбол мектебі де ескерусіз қалған жоқ. Өңірімізді балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту үшін ҚФФ- сы бізге 90 млн. теңгеге жуық қаражат бөлді.
Бұл ақша бірінші кезекте балалардың футбол жабдықтарын алуға жұмсалды. Олардың ішінде түрлі құрал –жабдықтар, доптар, спорттық киімдер, жазғы кастюм мен қыста киетін кастюмдер, салтанатты жиындарда киетін киімдер, жаттығуда киетін шортылар бар. Бір сөзбен айтқанда жалпы алынған заттардың бір балаға 20 данадан астам түрі бар. Олар барлық стандартқа сай белгілі фирмалардан алынған спорт жабдықтары мен киімдері болатын. Күні кеше "Тараз" және "Ақтөбе" командалары арасындағы матч кезінде бұл заттарды клуб президенті, облыстық мәслихат депутаты Махамбет Дүйсембаев жасөспірімдерге өз қолымен табыс етті.
«Тараз» футбол орталығының бүгінгі жетістіктері де аз емес екендігін жақсы білесіздер. Қазір біздің орталықта 7 жас бойынша командалар жасақталған. Оның ішінде 2005 жылы туған балалардан жасақталған командамыз Астана қаласында өткен Қазақстан футбол орталықтары мен академиялары арасындағы ақтық кездесудің финалына шығып, күміс медальді жеңіп алды. Бұл әрине біз үшін үлкен жетістік. Ал, 1999 және 2003 жылы туған жасөспірімдеріміз алдағы айларда «Тараз» клубының намысын қорғайды.